Қоңырат Жетімдер руының шежіресі - Қоңырат Сүйіліш батыр

Түркістан төңірегін мекендеген қоңыраттар XVI-XVII ғасырларда Қазақ хандығының құрамындағы іргелі тайпалардың біріне айналған. Осы кезеңде Орта Азиядағы Бұқар, Хиуа хандықтарының құрамында болып келген қоңыраттың жекелеген рулары Қазақ хандығының құрамына қайта қосылып, Оңтүстік Қазақстан аймағына түпкілікті орнығады. XVII-XVIII ғасырлардағы жоңғар шапқыншылығы тұсында қоңырат тайпасының қосындары Отан қорғау жолында үлкен шайқастарға қатысады. Осы шайқастарда қол бастаған батырлардың бірі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген Қоңырат Сүйіліш батыр.

Сүйіліш батыр Сауран қаласында орналасқан әскердің бас сардары болып, жоңғарларға қарсы күресте қол бастаған, ерлік істерімен даңққа бөленген ер, Қазақ-Бұқар қатынастарын реттеуде елшілік қызмет те атқарған. Қоңырат шежірелерінде, аңыздарда Сүйіліштің Бұқар хандығымен әскери байланыс орнатуда атқарған қызметі, ханмен арадағы сөз қақтығыстары сақталған. Сол сияқты еңсегей бойлы Есім ханның сенімді серігі, бас батыры ретінде оның Ташкентті билеген қатағаннан шыққан Тұрсынханға қарсы жорығына басшылық жасаған.

Қазақ халқының ұлт болып ұйысып, Қазақ хандығының туы астына бірігуі бірнеше ғасырға созылған болса, осы тарихи процесте мемлекеттің өрісін кеңейтіп, іргесін бекітуге бұл күндері есімдері белгісіз көптеген тұлғалармен бірге Сүйіліш батырдың да қосқан үлесі мол. Ол Бұқар, Ташкент хандықтарына қараған қазақ тайпаларын қазақ хандығының құрамына қосуға тілімен де, қарумен де көп үлес қосқан, өз заманының өр тұлғасы. Сырдарияның сол жағалауы – Қызылқұм аумағының түпкілікті қазақ иелігіне өтуіне мұрындық болған қаһарман.

Шежіре-аңыздардың деректеріне жасалған талдаулар Сүйіліш батырдың қазақ тарихында лайықты орны бар екендігін танытады.

Қазіргі кезде Сүйіліш батырдың ұрпақтары Оңтүстік Қазақстан облысына кең тараған, ал негізгі бөлігі Түркістан қаласымен Отырар ауданында тұрады. Оның кіндік қаны тамған Құсшы Ата ауылында айтулы батырға кесене тұрғызылған.

Хазретәлі Тұрсын,

Тарих ғылымдарының кандидаты.